Өмір жолы өнеге
Көргені мен түйгенін еңбекпен байланыстыруымен қатар жас буынды тәрбиелеп қанаттандыру жолында ағалық танытып келе жатқан аға буын өкілдерінің бірі Кенжеғалиев Базар туралы үздік сырымызды қалам ұшына байлағанды жөн көріп отырмыз.
Әріптесіміз Базар Уағисаұлы 1947 жылдың 16 қаңтарында Атырау облысы, Индер ауданы, Кулагино селосында дүниеге келген. 1955-1965 жылдар аралығында білім алып, сол кездегі әйгілі «Правда» кеңшарында токарь маманы болып жұмысқа орналасқан. Жалындаған жастың көкірегінде жоғары білім алсам ғой деген асқақ арманы аялап жүрген болатын.
Сөйтіп еліміздің бас қаласы болып табылатын Алматы қаласында орналасқан ауыл шаруашылық институтына қарасты Алматы жөндеу зауытында слесарь-моторист мамандығы бойынша арнайы дайындықтан өтіп, білімін толыстырған. Сол кездегі жас маман 1967-1969 жылдар аралығында Кеңес Әскерінің қатарында болған соң өзі шыңдалған Алматы жөндеу зауытына жұмысқа орналасады. Қашан да білуге, көруге, үйрене түсуге ұмтылатын Базар аға монтер-жөндеу бөлімінің бас энергетигіне бекітіледі. Айтқандай, жоғары білім алу мақсатында 1969-1972 жылдар аралығында энергоқұрлыс техникумын техник-электрик мамандығы бойынша аяқтайды.
Тұлға топырағына тартып туады демекші, небір айтулы тұлғаларды өмірге әкелген Дендер топырағына деген сағынышы оны туған жеріне тартты. Осындағы Өрлік ауылындағы желілік учаскеге электрмонтер болып қызметке тұрады. Білімін шыңдау жолында одақ астанасы Мәскеу қаласындағы оқу орнына түскенімен, отбасылық жағдайына байланысты аяқтауға мүмкін болмады. Алайда өмір жолының өзі оның білімін толықтыруға үлкен септігін тигізді. Ал 1977 жылы Индер аудандық электр жүйелері мекемесіне шебер болып жұмысқа орналасты. Осы жерде 10 жылдан аса еңбек еткен соң 1989 жылы Индер аудандық электр жүйелері мекемесіне бас инженер болып бекітілді. Қай жерге бармасын жаңалық енгізуден бөлек тұралап қалған саланың аяғынан тұрғызуға үлкен күш салды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қиын кезеңдер орын алғаны белгілі. Солай бола тұрса да өзіндік өмір тәжірибесін санасынан шығармай, жаңадан құрылған «Атырау Жарық» АҚ-ның Индер аудандық бөлімшесіне 1995 жылы басшылыққа бекітіліп, үзбестен 15 жыл бойы қызмет атқарды. Осы мекемедегі еңбек өтілі 44 жылды құрайды. Ол басшылық еткен жылдары аталмыш мекеме аудандағы іргелі ұжымдардың біріне айналып үлгерді. Базар ағамыз көптеген шәкірт тәрбиелеп, ағалық ақыл-кеңесін көрсетіп отырды. Олар осы салада еліміздің әр өңірінде абыройлы еңбек етіп жүр.
Еңбек елеусіз болмады. 1999 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал 2009 жылы Қазақстанның энергетика ассоциациясының арнайы шешімімен «Еңбегі сіңген энергетик» атанды. 2010 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, еңбектен қол үзбестен өзінің қолтаңбасы қалған мекемеде шебер болып қызметін жалғастыру үстінде. Арасында өзінің өмір жолы туралы сыр шерткенде Базар ағамыз былайша ой толғады:
- Берген ризығы молынан болып, осындай хәлге жеткізген бір Аллаға шүкіршілік қыламын. Сүйікті мамандығым арқылы талай-талай жерлерде болдым. Білікті мамандарға жолығып, ақыл-кеңестерін алып, өз тәжірибеммен бөлістім. Ізденіс дейтін ұлы ұғымды қару қылдым. Мен білемін деген кеудемсоқтық мінезден ада болдым. Кейінгі жастар да ізденгіш, еңбекқор болса қандай ғанибет болар еді. Азаматтың ең бірінші арқа сүйері өзінің жылы жанұясы, оттан да ыстық қасиетті отауы. Осы жолы да жолым болып жүрек лүпілімен Мариғадай жар құшсам, одан Айбол мен Райхандай ұл мен қыз сүйдім. Шүкір, қазір екеуі де өмірден өз орындарын тауып, бізге немере-жиен сыйлап отыр. Бақыт деген осы деп білемін.
Айта кетуіміз қажет, Базекең ағамыздың ұлы Айбол да әкенің ұлағатты жолын жалғастырып келеді. Иә, бақыт деген осы емес пе?! Өмір жолы өнеге болатын ағамыз жайлы сырдың төркіні осындай.
Қамар БИЖАНОВА |